Сол баяғы өз қалпында Диірмен тау
Сол баяғы өз қалпында Диірмен тау,
Жылдар өтсе өзгермеген еш жері.
Етегіне ортылған орман-бау,
Мүңкіп тұр ғой баяғыша ермені.
Әне, қатар сұлап жатыр сайлары,
Жап-жасыл боп күйге енеді жайдары.
Қайыңдары аппақ болып сап түзеп,
Бір-бірінен аумай қалған бойлары.
Жалбыз иісі жадыратқан күндер-ай,
Тыным таппас шегірткенің үндері-ай.
Жұпар иісі аңқыған сонау жерден,
Мойыл сайдың қайран аппақ гүлдері-ай.
Баз-баяғы қалпында ғой бәрі де,
Туған жердің тоярмысың сәніне.
Отырғанда шаршап күйбең тірліктен,
Елітесің құстың сазды әніне.
Еске түсер балдаурен балалық шақ,
Көңіл шіркін кетеді өткенді аңсап.
Өткенді аңсап, оралмас сол шақтармен,
Қайырылмас кетеді көктемді аңсап.
Мына таудың жолдары таныс маған,
Мұздыбұлақ, Көктерексіз табыспаған.
Осы жолмен әкем мен ағаларым,
Талай рет шөп шабуға алыстаған.
Көк майсада нәр таңдап көзін сүзіп,
Қойлар жүрер көк шөпті бырт-бырт үзіп.
Алыстан әппақ болып мұнартады,
Ақша бұлттар аспанда қалқып жүзіп.
Сол тау, өзен, сол тоғай баяғыдай,
Самал желі еседі саябырлай.
Бәрі орнында сияқты, бірақ дағы,
Көңілім алабұртты неге бұлай.
Алабұртты неліктен мұңға батып,
Сөнді үміт неліктен жанбай жатып?
Кімді іздеді орман-тоғай арасынан,
Қимасындай өзіне жақын тартып?..
Бала күнін іздеді артта қалған,
Жарқын шағым қайда деп жалын атқан.
Кеше еді ғой пәк кіршіксіз сол күндер,
Бастау алған мөлдір тұма бұлақтан.
Қалды артта, кетті мәңгі келмеске,
Өмір-жалған! Жай бір мезет емес пе.
Ағыл-тегіл қимай өткен күндерін,
Жылап жатыр жетім көңіл-нәресте.
Ақгүл
akgul.dyusenova@mail.ru
